Таразда 16 миллион теңгеге жуық алаяқтық қылмысын жасады деп күдікпен ер адам ұсталды.
Жәбірленуші жергілікті тұрғынның айтуынша, 2022 жылдан 2023 жылға дейін пәтерін жалға алған ер адам өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырған. Содан алдау арқылы сеніміне еніп, оның ақшасын пайыздық қарыз түрінде иемденгені туралы шағымданған. Бұдан өзге ол ұлын мемлекеттік қызметке орналастыруға және сот ісін жүргізуге көмектесуге уәде берген. Келтірілген шығын 15 936 930 теңгені құрады.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті ретінде облыс орталығының 26 жастағы жұмыссыз тұрғыны ұсталды.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Істің егжей-тегжейлі мән-жайларын анықтау үшін барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.