19-20 қазан күні Астана қаласында «Aqyl Battle Cup» респуьликалық зияткерлік ойынының финалдық сайысында 17 облыс және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан онлайн сайыста ең көп ұпай жинаған 180 адам 60 командаға бөлініп, өз өңірінің намысын қорғайтын болады” – деп хабарлайды “Болашақ Қазақстанға” қоғамдық студенттік бірлестігінің баспасөз қызметі.
Ел өңірлерінде «Aqyl Battle Cup» ойынының финалдық кезеңіне қатысатын азаматтардың есімдері белгілі болды.
«Ойын финалы кезінде біз қатысушылардан құрамында 3 адамнан тұратын 60 команда құрамыз. Осылайша, зияткерлік сайыстың финалына 14 – 35 жастағы 180 азамат қатысып, өз аймақтарының намысын қорғайтын болады.
Мұндай шешімді біз командалар өз ресурстарын барынша тиімді пайдалана алуы үшін қабылдадық.
Командалардың ойынын қоғам қайраткерлері мен түрлі саладағы сарапшылар бағалайды», – дейді «Болашақ Қазақстанға» қоғамдық студенттік бірлестігінің атқарушы директоры Бибінұр Шербаева.
Оның айтуынша, өңірлерден «Aqyl Battle Cup»-тың финалдық кезеңіне қатысушылардың жататын орны мен таңғы ас және түскі асқа жұмсалатын шығындарды ұйымдастырушылар өз мойнына алмақ.
Зияткерлік сайыстың жалпы жүлде қоры 2.600.000 теңгені құрайды.
«Ойын жеңімпаздары 1 миллион теңгені ұтып алса, ІІ орын иегерлері 500.000 теңгелік жүлдені еншілейді. Ал ІІІ орын үшін біз 300.000 теңгелік сыйлықты дайындадық. ІV орын алған команда 200.000 теңгеге ие болады.
Сондай-ақ, біз ойыншыларды ынталандыру және олардың тапқырлықтарын сынап, ойынды көңілді ету мақсатында “Креативті команда” видеороликтер байқауын ұйымдастырған болатынбыз.Сол байқау аясында, ең креативті 3 команданы қаржылай марапаттаймыз. Бұл байқаудың жүлде қоры 600.000 теңгені құрайды. »– деді Бибінұр Шербаева.
Республикалық зияткерлік көңілді тапқырлар командаларының финалы Республика күні қарсаңында Астана қаласында өтеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, «Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойынын-Мемлекеттік тілде өнер көрсететін КТК жастар құрамаларының санын арттыру мақсатында «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында «Болашақ Қазақстанға» ҚСБ өткізеді.
Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен 2025 жылдың соңына дейін іске асырылмақ.
@darhanqydyrali @kochetov_eugene @cics_official @aqylbattle_cup @sherbaevabb