Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты.
Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар.
“Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану.
Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз.
Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін.
Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе”,-деді Президент.
Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек.