2023 жылғы қаңтар-тамызда теміржол көлігімен тасымалданған жолаушылар саны 13,5 млн адамды құрады. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,3% артық. Дегенмен жолаушылар айналымы 2022 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда 0,5%-ға төмендеген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жолаушылардың басым бөлігі, яғни 42,2% жаз айларында тасымалданған. Атап айтқанда, маусымда – 1,7 млн, шілдеде – 1,9 млн, тамыз айыда 1,9 млн жолаушы.
Жолаушылар таңдаған ең танымал бағыт – Астана. 8 ай ішінде елордаға 3,7 млн жолаушы билет сатып алған. Одан кейін жиі барған өңір Ақтөбе облысы – 1,2 млн жолаушы. Үшінші танымал бағыт – Қызылорда облысы, 1 млн жолаушы.
2023 жылдың қаңтар-тамызында теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдаудан түскен табыс 82,7 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9% көп.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында көліктің барлық түрімен 999 млн жолаушы тасымалданған (+8,5%).