Шымкент полицейлері Түркістаннан көлік ұрлап келе жатқан жас жігітті ұстады.
Қала аумағында түнгі кезекшілікке түскен патрульдік полицияның №883 автоэкипажы Айбергенов көшесінің бойында Lada 21114 көлігін тоқтатқан. Жүргізуші маневр жасау кезінде бұрылу белгісін қоспағаны үшін көзге түскен.
Тәртіп сақшылары жас жігіттің жеке құжаттарын тексеру барысында, жүргізуші куәлігі жоқ екенін анықтаған. 20 жастағы азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы «Көлік құралын құжатсыз және басқару құқығынсыз адамның басқаруы» бойынша хаттама толтырылды.
Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, көрші аймақтағы әріптестер жіберген бағыттамаға сәйкес полицейлер көліктің Түркістан облысындағы үйдің ауласынан жарты тәуліктен аз уақыт бұрын ұрланғанын анықтады.
Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы келіп, көлік тәркіленді. Ал жүргізуші полиция басқармасына жеткізілді. Көлік заңды иесіне қайтару үшін Түркістан облысының тәртіп сақшыларына берілді.