Шымкентте парфюмерия дүкенінен иіссу ұрлаумен айналысқан анасы мен қызы ұсталды.
Әл-Фараби АПБ-на қаладағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан косметика дүкенінен парфюмерия ұрланғаны туралы хабарлама келіп түскен. Арызданушы екі тұтынушының сауда орнынан парфюмерия өнімдерін жасырын түрде алып кеткенін көрсетті. Сондай-ақ, олар бұған дейін де үш рет осы дүкенге келіп ұрлық жасаған.
Криминалдық полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтады. Олар жергілікті тұрғындар – анасы мен қызы болып шықты.
Полиция хабарлауынша, олар сөредегі тауарларды мұқият қарап жүргендей кейіп танытып, қымбат әтірлерді тез әрі байқатпай сөмкеге салып, артынша сауда нүктесінен кетуге асыққан.
Қазіргі таңда, полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу амалдары аяқталған соң қылмыстық іс процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданатын болады.