ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, балалардың 5%-ы желіге алғаш рет төрт жаста, кей жағдайда тіпті одан да ерте жаста кіреді. Ал 9-10 жас аралығындағы балалардың 60%-ы және 11-12 жас аралығындағы балалардың 66%-ы әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында өз аккаунттарына ие екен.
Зерттеу нәтижесіне сүйенер болсақ, ең алаңдатарлық тұжырымдардың бірі − балалардың 15,3%-ы күнделікті, апта сайын немесе кем дегенде айына бір рет интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді. Ол балалардың 11,7%-ы қатты күйзеліске ұшыраған. Бұл мәселе жас ұрпақ арасында киберқауіпсіздікті күшейтудің тез арада қолға алынуы керек екенін көрсетеді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, кибербуллингке куә болған балалардың басым бөлігі (52,1%) ол туралы ешкімге айтпауды жөн көреді. Ал ата-аналардың 17,6%-ы ғана тыйым салынған контентті бұғаттау және зиянды материалдарды сүзгіден өткізу құралдарын пайдаланады.