Мәжілістің жалпы отырысында депутат Анас Баққожаев қазақта қыз алып қашу дәстүрі болмағанын атап өтіп, өз ойымен бөлісті.
“90-жылдары Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Қазақстанда экономикалық жағдай қиын болған. Сол уақытта қызды алып қашу деген бір үдеріс пайда болды. Оны көбі қазақтың дәстүрі деп шатастырды. Қазақ – құда түсіп, жөн-жоралғысын дұрыс орындайтын халық. Бірақ экономикалық жағдайдың қиындығына байланысты 90-жылдары ондай жағдай болды. Мен қателесетін де шығармын. Қазір қыз алып қашу фактілері жоқтың қасы деуге болады. Себебі дамыған, өркениетті елміз. Батыс мемлекеттеріне теңесеміз деп отырмыз. Бірақ уикипедияға қараңызшы. Онда қызды ұрлау мәселесінде Қазақстан Эфиопиямен бір деңгейде тұр, – деді ол.
Сонымен қатар, депутат министрге өз сауалын жолдады. Яғни, елімізде қыз алып қашу фактісі бар ма? Және мұның адам ұрлығына қатысы бар ма деп сұрады.
“Бүгінде ондай қылмыстар көп тіркеліп жатыр деп айта алмаймыз. Былтыр 1-2 факті тіркелді. Оның бәрін анықтадық. Ауылда түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Қыз ұрлау Қылмыстық кодекс бойынша адам ұрлау қылмысына жатқызылады. Ол – ауыр қылмыс “,- деді Ержан Сәденов.