Әлемнің үздік жокейлері мен ең жүйрік сәйгүліктері бақ сынайтын Dubai World Cup бәйгесі 30 наурызда өтеді. Дубай қаласында өтетін мәртебелі бәйгеге талай халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген қазақ жокейі Бауыржан Мырзабаев пен аузымен құс тістеген қазақстандық сәйгүлік Кабирхан да қатысады.
Қазақстандық жокей мәртебелі бәйгеде (Dubai World Cup) Dura Erede атты жапон сәйгүлігімен бақ сынамақ. Ал қазақстандық Тілек Мұханбетқалиевке тиесілі Кабирхан тұлпарымен Пэт Доббс есімді Ирландия азаматы шабады. Айта кетейік, бәйгеде бас-аяғы 12 сәйгүлік сынға түседі. Қазақстандық сәйгүлік – Кабирхан 2-ші нөмірмен, ал Бауыржан Мырзабаев тақымдайтын Dura Erede тұлпары 2-ші нөмірмен өнер көрсетеді.
Еске салайық, Дубайда жүйрік аттар арасында өткен Al Maktoum Challenge (1-топ) Presented By Longines бәйгесінде қазақтың «Кабирхан» атты сәйгүлігі жеңіске жеткен еді. Ол мәре сызығын бірінші болып кесіп, бас жүлде – 1 миллион долларды жеңіп алған болатын. Ал, Бауыржан Мырзабаев – Чехияның үш дүркін чемпионы, Германияның төрт дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ жокейлер арасындағы Еуропа чемпионатында Қазақстан атынан қатысып, екі рет жеңімпаз атанған. 2023 жылы Германияда 6 рет, Жапонияда 25 рет, Францияда 60 рет жеңіске жеткен.