Абай облысы, Ақсуат ауданындағы жайылым жерлерді шегіртке қаптап отап жатыр. Бұл жайттан тұрғындар қорқып отыр. Өйткені, қыста мал азығына жете алмай қалуы мүмкін.
Фото:видеодан алынды
“Дәл қазіргі жағдайда егістіктің жағдайын айта алмаймын. Жапырағын жеп кеткен. Сабағынан енді өніп шықпайды-ау. Ал қыстық мал азығын дайындай алмай қаламыз ба? Шегіртке егістік былай тұрсын, есік алдындағы алақандай жерге қаптап әбігерге салды. Улап жатыр, оған кетіп те қарық болып жатқан жоқ-ау. Қорықпайды екен “, – дейді ауыл тұрғыны Мырзахан Есенжолов.
Қазір Шымкенттен келген мамандар ауыл шаруашылығы мақсатындағы екі мың гектар алқапты залалсыздандырып жатыр. Сондай-ақ үш елді мекенге қарасты жайылым жерлерді де дәрілеу жоспарланған деп хабарлады massagetкz.
“Ауданда саяқ шегірткесінің экономикалық зиянды шегі 1 500 гектарға жетіп отыр. Бұл Қызылкесік ауданында – 1 360 гектар. Екпін ауылында – 200 гектар. Химиялық өңдеу жұмыстарын Шымкент қаласынан “Бағжан” ЖШС жүргізуде. Зиянкес итальян прусі шегірткелеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары Ойшілік ауылдық округінің Көкбастау, Айнабастау елді мекендерінің 1500 га жайылымдық жерлеріне де жасалады”, – дейді Ақсуат ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бейбіт Сербатыров.
Ал Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Ертай Қуанбаев өңдеу жұмыстары заңға сәйкес мемлекет қорындағы жерлерде атқарылады. Ал, шаруа қожалықтары иелігіндегі жерлерге өз қаражаты есебінен жүргізетіндігін айтты.