Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, мемлекет басшысына атқарылған істерін тізбектеп, алдағы жоспарларымен бөлісті деп хабарлады Ақорда. Оның айтуынша, экономикалық динамика оң нәтижеге ие болған. Сондай-ақ, инвестиция көлемі артқан.
Нақтырақ айтар болсақ:
Елорданың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде мәлімет берді;
Қаладағы барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын айтты:
– инвестиция көлемі 632 миллиард теңгеден асқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артық;
– өңдеу өнеркәсібі, медицина, білім, көлік және логистика салаларындағы жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр;
Мектеп, қолжетімді баспана, медициналық орталықтар құрылысы, апатты жағдайдағы ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру мәселелері жөнінде баяндады:
– биыл 20-дан астам мектеп пен 4500 орындық 6 студенттік жатақхана салынады;
– елордада 170 аула мен қоғамдық орын, атап айтқанда саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар абаттандырылып, 70-ке жуық көше жөнделеді;
Құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендері бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы айтты:
– 16 мыңнан астам үлескер-отбасының 15,5 мыңы баспаналы болған. Қалған үлескерлер пәтерлеріне осы жылдың соңына дейін қоныстанады;
Жылыту маусымына дайындық жөнінде баяндады:
– биыл «Тельман» газ жылу станциясының бірінші кезегін, «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезегін, сондай-ақ 3-ші ЖЭО-ның көмірмен жұмыс істейтін бөлігін іске қосу жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, шаһарды абаттандыру, сондай-ақ V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты пысықтау жөнінде бірқатар міндет жүктеді.