Аса ірі алаяқтық жасады деген тағы бір күдікті Ресейден экстрадицияланды деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасы.
2019-2022 жылдар аралығында күдікті Тараз қаласындағы банк филиалының қызметкері бола отырып, клиенттерінің атынан оларға несие рәсімдеген.
Әрі қарай олардың шоттарына қол жеткізе отырып, несие қаражатын достарының есепшотына аударған. Кейіннен оны қолма-қол ақшаға айналдырған.
Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде жәбірленушілерге 60 млн.теңге көлемінде залал келтірілген.
Күдікті қылмыс жасағаннан кейін бірден ізін суытқан. Соған байланысты халықаралық іздеу жарияланды.
Ағымдағы жылдың сәуір айында фигурант Краснодар өлкесінің аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, осы жылы қылмыстық әрекеттері 350-ден астам жәбірленушіге жалпы сомасы 7 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 11 адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды.