Мопедті тіркеу ережелері қандай? Қандай құжаттар керек деген сынды сұрақтарға ІІМ жауап берді.
Мопедтерді тіркеу үшін тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет.
«Жеке басын куәландыратын құжат, электронды түрде де болады, мопедтің техникалық құжатын немесе техникалық сипаттамалары туралы мәліметті ұсыну қажет. Содан соң өтініш толтырып, мопедті тексеріп, сондай-ақ оны тіркеу (0,25 АЕК) және тіркеу туралы куәлік (1,25 АЕК) пен мемлекеттік нөмір (1,4 АЕК) үшін мемлекеттік баждарды төлеу керек», – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Егер ешқандай құжат болмаса, мопедті қалай тіркеуге болады деген сұрақ бойынша жауап төмендегідей.
«Ешқандай құжат немесе VIN-код болмаған жағдайда я болмаса қандай да бір себептерге байланысты мопедтің шығарылған жылын белгілеу мүмкін болмаса, оны ішкі істер органдары тексеру жүргізгеннен кейін береді. Бұл ретте оны қарап-тексеру жүргізілген жыл мопедтің шығарылған жылы болып есептеледі», – деді спикер.
Мопедті басқару үшін куәліктің қандай санаттары қажет екенін де біле жүріңіз.
«”Жол жүрісі туралы” заңға сәйкес мопедті басқару үшін А1 санаты бар куәлік қажет. Егер жүргізушінің А немесе В санатындағы куәлігі болса, ол да мопедті басқара алады», – деді полиция полковнигі.