Бұрын Ақтау қаласы әкімнің орынбасары болған Тимур Садвақасов шетел асып Өзбекстаннан қолға түскен болатын. Оған қатысты Өзбекстан Республикасына заңсыз кіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу изоляторына қамалған еді.
Экс-шенеунікке аса ірі көлемде алаяқтық жасады және лауазымды тұлғаларға пара беруге итермеледі деген айып тағылып отыр.
«2023 жылғы шілде айында Садвақасов Т.Х. мен адвокат Құрманбаев С.Н. өздерінің қызметтік байланыстарын пайдаланып, Долгалев В.И.-дің іскерлік серіктестеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастау мәселесін шешуді ұсынған. Аталған мәселені шешу үшін Садвақасов Т.Х. мен Құрманбаев С.Н.-ға заңсыз сыйақы ретінде 225 млн теңге беру жөнінде келісім жасалған. Алайда, күдіктілер параның алғашқы бөлігі – 90 млн теңгені алғаннан кейін бұл қаражатты өз пайдасына жаратқан және өз міндеттемелерін орындамаған. Кейін Садвақасов Т.Х. қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптеніп, соттан жасырынған»,-деп жазылған хабарламада.
Қазіргі таңда, күдікті ҚМА қызметкерлерімен Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. Алдағы уақытта Павлодар қаласындағы тергеу изоляторына жеткізіледі.