«Овербукинг» – әуе кемесіндегі орындар санынан артық билет сату тәжірибесі – көптеген елдерде жиі қолданылады. Ірі халықаралық әуе компаниялары кей жолаушылардың рейске келмейтінін болжап, орыннан артық билет сатады. Алайда барлық жолаушы ұшуға келген жағдайда, кейбіреуіне ұшаққа отыруға рұқсат берілмей жатады.
Соңғы екі жылда Қазақстанда да бұл тәжірибе кейбір әуе тасымалдаушылары тарапынан, әсіресе танымал бағыттарда, мереке және демалыс күндері қолданылған. Жолаушылар қолында ақылы билеті бола тұра, ұшаққа отырғызылмай, балама жол іздеуге мәжбүр болған. Қоғам наразылығы артып, мәселені шұғыл шешу қажет болды.
Айта кету керек, билет болғанымен, борттағы орын берілмеген жағдайда жауапкершілік тек халықаралық рейстерге ғана қолданылатын.
Прокуратураның ұсынысы бойынша Парламент Мәжілісі Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізу мәселесін қарап, жауапкершілікті ішкі рейстерге де қолдануды мақұлдады.
Енді ішкі рейстерде жолаушыларды, багаж бен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Жаңа нормаға сәйкес, әуе тасымалдаушы 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Қабылданған шаралар әуе компанияларының қызметін бақылауды күшейтіп, жолаушылардың құқықтарын қорғауға, билет нормасынан артық сатылым салдарынан ұшаққа отырғызудан бас тарту жағдайларын жоюға мүмкіндік береді.