Мәжілістегі Үкімет сағатында жеке атқарушылық іс жүргізу мәселелері талқыланды.
Мәжілісте вице-спикер Дания Еспаеваның төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. Онда Қазақстандағы жеке сот орындаушылар институтын дамыту мәселелері мен келешегі сөз болды.
Отырысты ашқан Дания Еспаева Парламентке сот орындаушыларының әрекетіне қатысты азаматтардан көптеген арыз-шағым түсетінін баса айтты. Соңғы жылдың өзінде ол екі есеге артып, 89 мыңнан асқан. Бүгінде республика бойынша 2110 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді, олардың іс жүргізуінде жалпы сомасы 15,9 трлн теңгені құрайтын шамамен 5 млн атқарушылық құжат бар.
Мәжіліс төрағасының орынбасары алимент өндіруге қатысты әлеуметтік маңызы бар істердің санатына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. 2024 жылдың соңына қарай бұл саладағы проблемалы іс жүргізу саны 12 мыңнан асып, балалар алдындағы берешек 17 миллиард теңгеге жеткен.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бұл мәселені шешу үшін агрегатор сайттары арқылы жұмыс істейтін борышкерлердің жасырын кірістері анықталатынын атап өтті. Бұл ретте басқа да кіріс көздерін белгілеу және оларды қарыздарды өндіруге пайдалану мүмкіндігіне талдау жүргізілуде.