Халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен Су ресурстары және ирригация министрлігі жалпы ұзындығы 6000 шақырымнан асатын 1485 суару арнасын жаңғыртуды қолға алды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Парламент Мәжілісінде Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру аясында су шаруашылығын дамыту шараларына арналған Үкімет сағаты өтті.
Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі жалпы ұзындығы 778,3 шақырымды құрайтын 162 каналды қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады. Биыл халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен 6000 шақырымнан астам каналдар жаңартылып жатыр, бұл – 1485 нысан. Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 962 шақырымды құрайтын 275 каналды пайдалануға беру жоспарда бар. Бұл шамамен 200 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.
Каналдарды жаңғырту тасымалдау кезіндегі су шығынын 25%-ға азайтуға және ауыл шаруашылығын су ресурстарының қосымша көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жыл соңына дейін жалпы көлемі 180 млн текше метр шамасында еріген және тасқын суды жинауға мүмкіндік беретін бірнеше су қоймасы пайдалануға беріледі.
Атап айтқанда, Түркістан облысында «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы аяқталмақ. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында «Биопруд» су жинайтын қоймасының қоршау дамбасы салынады. Сондай-ақ Жамбыл облысындағы «Ынталы», Батыс Қазақстан облысындағы «Киров» және Түркістан облысындағы «Қапшағай» су қоймаларын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Осыған қоса 214 жоба бойынша құжат әзірленіп жатыр. Оның ішінде 21 жоба су қоймаларын салу және қайта жаңғыртуға, 180 жоба 4 мың шақырымнан астам каналдарды қайта жаңартуға және автоматтандыруға, 13 жоба басқа үлгідегі гидротехникалық құрылыстарды салуға және қайта жаңғыртуға арналған.
Ислам даму банкінің қолдауымен биыл төрт жаңа су қоймасының құрылысы басталады. 6 облыста ұзындығы 3452 шақырым болатын 115 канал жаңғыртылып, Астана су қоймасына су жіберетін құрылғы салынады.
Судың «көлеңкелі нарығымен» күресу мақсатында министрлік құрылымында Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды. Жаңа Су кодексі комитетке қадағалау функцияларын және жедел әрекет ету шараларын қолдану құқығын береді.
2024 жылы комитеттің бассейндік инспекциялары 439 тексеріс жүргізіп, 1855 заң бұзушылықты анықтап, 429 ұйғарым берді. Нәтижесінде жалпы сомасы 48,4 млн теңгеге 582 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде жалпы сомасы 44,5 млн теңге болатын 556 айыппұл өндірілді. 2025 жылдың бірінші тоқсанында 20 тексеру жүргізіліп, 26 заңбұзушылық анықталды. Нәтижесінде 10 ұйғарым беріліп, 13,3 млн теңгеге 133 әкімшілік айыппұл салынды.
«Президент еріген суды жинау, су шығынын азайту, инфрақұрылымды жаңарту, судың «көлеңкелі нарығын» жою, тиімді су саясатын жүргізу және трансшекаралық су мәселелерін шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осы міндеттерді жүйелі орындау үшін министрлігіміз ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық мүдделі тараптың үйлесімді жұмысы басталған жобаларды ойдағыдай іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл жылына 10 млрд текше метрге дейін суды үнемдеуге және жинауға жол ашады»,
– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.