Жетісу облысының прокуратурасы, қоқыс шығару қызметін тұтынатын 10 625 тұрғынның құқықтарының бұзылғанын анықтады.
Тексеру нәтижесінде, Текелі қаласы мәслихатының коммуналдық қалдықтардың түзілу нормаларын, сондай-ақ халыққа арналған жинау және тасымалдау тарифтерін бекіту кезінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі №377 бұйрығымен бекітілген «Есептеу әдістемесінде» көзделген формуланы қолдануда бұзушылықтарға жол берілгені белгілі болды.
Прокуратураның қадағалау актісі негізінде, жеке тұрғын үйлер үшін қоқыс шығару қызметінің құны 391,39 теңгеден 238,7 теңгеге дейін, яғни 152,69 теңгеге төмендетілді. Ал абаттандырылған үйлер үшін тариф 238,7 теңгеден 231,48 теңгеге азайтылды, бұл – 7,22 теңге үнем. Осылайша, 10 мыңнан астам тұтынушының құқығы қалпына келтірілді.