Үшінші мегаполисте кене шаққан адам саны артып отыр. Бүгінге дейін 530 азамат дәрігерге жүгінген. Олардың екеуінен Конго-Қырым қызбасы анықталды. Мамандардың айтуынша, бұл былтырғымен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп.
Қазіргі таңда, кененің қаптауына байланысты 11 елдімекен бақылауға алынып отыр. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері тұрғындарды аулаларын таза ұстап, қоқысты уақытылы шығарып, тазалық шараларын сақтауға шақырады.
«Алтын-төбе, Қайнарбұлақ, Игілік, Сауле, Текесу, Тассай, Бадам-1, Қазығұрт, Ақтас-1, Ақжар, Айкөл ықшауаудандары арнайы есепке алынып отыр. Және де осы аймақтарда мемлекет тарапынан бөлінген қаражат есебінен кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысының 1-кезеңі өтті. Тексеріс нәтижесінде сол кезеңнің сапалы жүргізілгені мәлім болды», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.