Мемлекет басшысының жыл сайын 150 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларды заманауи суару жүйелеріне көшуге ынталандыру тетіктерін әзірледі деп хабарлады ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік фермерлерге су үнемдеу технологияларын сатып алу мен орнатуға, сондай-ақ инфрақұрылым тарту кезінде ұңғыма бұрғылауға жұмсалған шығындардың өтемақы мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Сонымен қатар тариф құнына қарай суару суына сараланған субсидиялар енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолданған жағдайда субсидия көлемі 60%-дан 85%-ға дейін өседі, ал қолданбаған жағдайда – тарифке байланысты 50–75%-дан 30–55%-ға дейін төмендейді.
Сондай-ақ лазерлік тегістеуші сатып алуға берілетін субсидия егіс алқабы кемінде 200 гектар болатын шаруашылықтарға ғана төленеді деген талап алынып тасталды. Лазерлік тегістеу суармалы судың алқап аумағына біркелкі таралуына мүмкіндік беріп, суды 30%-ға дейін үнемдеуге жағдай жасайды. Бұл әсіресе қуаңшылыққа бейім өңірлер үшін өзекті. Мұндай технология еліміздегі күріш алқаптарында белсенді қолданылады.
Нәтижесінде 2024 жылы су үнемдеу технологиялары 158 мың гектар жерге енгізілді, оның шамамен 130 мың гектары – оңтүстік өңірлер үлесінде. Жалпы су үнемдеу технологиялары қолданылған жер көлемі 470,2 мың гектарға жетті. Биылдың басынан бері Қазақстанда су үнемдеу технологияларын қолданудың жалпы ауданы 580 мың гектардан асты.
«Мемлекет басшысы су үнемдеу технологияларына көшудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Климаттың өзгеруі жағдайында бұл – елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет шара. Облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 2030 жылға дейін егіс алқаптарында су үнемдеу жүйелерін енгізу жоспарын әзірлеп, бекіттік. Осының нәтижесінде 2030 жылдың соңына дейін жылына 2,2 млрд текше метр су үнемдеуді көздеп отырмыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.