«Сарышаған» полигонында әкімдер мен олардың көмекшілеріне әскери қауіпсіздік және аумақтық қорғаныс бойынша сабақтар өтті.
Әскери жиынға Қарағанды, Ұлытау облыстарынан 27 әкім мен олардың көмекшілері қатысты деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігі.
Теориядан басталған сабақта жергілікті атқарушы органдардың басшылары ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіповтің басшылығымен әлемдегі және өңірдегі әскери-саяси жағдай бойынша дәріс тыңдады.
Әкімдер мен олардың көмекшілері полигонға үш апта бұрын келген әскери міндеттілердің тұрмыс жағдайларымен танысты. Сондай-ақ артиллериялық зеңбіректерден жауынгерлік атыстар көрсетіліміне қатысты.
– Артиллериялық атыстарды үш апта бұрын ғана жиынға шақырылған әскери міндеттілер орындады. Осы уақыт ішінде олар жауынгерлік техниканы толықтай игере алды. Бүгін олар көздеген мақсаттарына қол жеткізіп, жақсы нәтиже көрсетті, – деп атап өтті «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ибраев.