Алматы облысының полицейлері “Қарасора – 2024” жедел-профилактикалық іс-шара аясында Балқаш өңірінде әуе барлау кезінде үш тоннаға жуық голланд қарасорасын тапты деп хабарлады Polisia kz.
– Есірткі плантациясы Балқаш көлінің аралдарының бірінде анықталды. Жүргізілген сараптама тәркіленген 6 122 өсімдік бұтасы жалпы салмағы 2 тонна 740 келі голландиялық каннабис екенін растады, – деп атап өтті Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Заңсыз өсімдіктің суару жүйесі бар. Сонымен қатар арал аумағында орналасқан шатырда патрондарымен тегіс ұңғылы қару, қажетті екі қап тыңайтқыш, сондай-ақ қарасораны суару және өңдеу туралы жазбалары бар дәптер табылған.
Айта кетейік, қарасораның қара нарықтағы бағасы шамамен 300 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда, күдіктілер іздестірілуде.