Жантүршігерлік жағдай Жезқазған қаласында орын алған. Салдарынан бес адам зардап шекті.
Оқиға орнынан түсірілген бейнематериалда сүйенсек, сол маңда тұрған көлік артқа қарай жүрген. Сөйтіп жол бойындағы бір топ адамды қағып кеткен. Сол мезетте ішінен жасөспірім бала жүгіріп шығып, қаша жөнеледі.
Ұлытау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бейнежазбаға қатысты түсініктеме берді.
“Полиция жол-көлік оқиғасын тіркеді, зардап шеккендер жоқ. Көлікте отырған 5 жасар баланың тежегіш тұтқасын алып тастағаны анықталды. Салдарынан автомобиль өздігінен жүріп, жаяу жүргіншілерге барып соғысты. Түрлі дене жарақаттарын алған 4 жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды”, – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасы 4 адамның медициналық ем алуға жүгінгенін жеткізген. Олардың бірі ер адам. Оның қабырғалары сынған және ішкі мүшелері көгерген. Зардап шеккен үш әйел амбулаториялық емделуге жіберілді, олардың да ішкі ағзаларынан аздап зақым алған.