Қоғамда насыбайды кеңінен тұтыну жастар арасында белең алып барады дейді мәжіліс депутаты Амантай Жарқынбек. Оның сөзіне сүйенсек, бұрын насыбайды тек ересек ұрпақ қолданса, қазір жастар, тіпті қыздар да оған тәуелді екен. Сондай-ақ, насыбайдың құрамында күмәнді заттар көп екенін алға тартып, денсаулыққа зиян келтіретіні сөзсіз деп отыр.
“Швед ғалымдары зерттеу жүргізіп, насыбайдың құрамында хром, никель, кадмий, қорғасын, мышьяк сияқты химиялық заттар бар екенін анықтады. Насыбайды тұтыну адам ағзасын қатерлі ісікке, бедеулікке әкелетіні ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тарту ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеліп соғады. Олар кейінгі кездері насыбайды тұтынудың салдарынан жастардың қатерлі ісік ауруына шалдығатынын айтты”, – деді депутат.
Сондықтан, зиянды затқа толықтай тыйым салу керек дейді халық қалаулысы.