Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылындағы үш негізгі мәселе жыл соңына дейін шешіледі. Бірінші кезекте ауыз судың жылдар бойы жалғасып келе жатқан түйткілі, ұзаққа созылған газдандыру ісі, сол сияқты халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселелері шешімін таппақ. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сарыөзек ауылындағы орталық су жүйесі жыл соңына дейін іске қосылады. Жұмыстың негізгі бөлігі аяқталған, дайындық деңгейі – 90%. Ауыл ішілік су құбыры желілері тозып тұрғандықтан, шамамен 50 ысырма орнатылады.
– Сарыөзек ауылының ауыз су мәселесі 12 жылдан бері жалғасып келеді. Оған мердігер ұйымдардың жіберген кемшіліктері де, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті деңгейде бақылаудың болмауы да себеп болған. Тозығы жеткен желілердің шыдамауы мүмкін болғандықтан, біз ысырмалар қойған дұрыс деп шештік. Келесі жылы ауыл ішіндегі тозған желілерді толық ауыстыруға үлкен жоба жоспарлап отырмыз. Сонда сапалы ауыз су үздіксіз берілетін болады, – деді Б.Исабаев.
Сол сияқты қарашада Талдыбұлақ ауылының, желтоқсанда Аралтөбе ауылының ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту мен құрылыс жұмыстары аяқталады. Бұдан бөлек Қарашоқы ауылының 2023 жылдың маусым айында іске қосылатын құны 604 млн. теңге болатын сумен жабдықтау жүйесінің қайта жаңғыртуы мен құрылысы жүргізілуде, ал 2024 жылдың екінші тоқсанында аяқталатын Шаған және Шилісу ауылдарындағы жұмыстар келесі жылдың екінші тоқсанында басталады деп жоспарлануда. Осы жылдың желтоқсан айында Қосағаш, Қарымсақ, Ақбастау, Қарлығаш, Тастыөзек, Қазансу, Басши ауылдарындағы сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жобасы сараптамадан шығады.
Осылайша Кербұлақ ауданы тұрғындары сапалы ауыз суға кезең-кезеңімен қол жеткізбек.
Желтоқсанға қарай тағы бір қордаланған мәселе – Сарыөзекті газдандыру шешімін табады.
– Өздеріңізге белгілі, жуырда өңірге келген сапарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев газға қосылу бағасын бақылай отырып, Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі елді мекендерді газдандыру жөнінде тапсырма берді. Аудандағы 63 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады. Сарыөзекке дейінгі газ құбыры 2018 жылы тартылғанымен, бүгінге дейін бірде-бір ауылға көгілдір отын жеткізілген жоқ. Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ауыл ішіне ұзындығы 120 шақырым болатын газ тарату желісі де салынып қойған болатын. Қазіргі кезде автоматтандырылған газ тарату стансысының кемшіліктері түзетіліп жатыр. Желтоқсанда Сарыөзекке газ беріледі, – деді облыс әкімі.
Қазіргі кезде ауданды газдандыру аяқталған жоқ. Бүгінгі күні жалпы құны 113 млн. теңге болатын Жоламан, Қоғалы, Қызылжар, Шоқан, Амангелді ауылдарын газдандыру жобалары аяқталды. Мемлекеттік сараптама қорытындысы желтоқсанда шығады деп күтілуде. Соған сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың ІІ тоқсанында басталады. Оған дейін аудандағы қалған 20 елді мекенді газдандырудың ЖСҚ-сы әзірленіп бітеді деп жоспарланып отыр.
Тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары да күшейтіледі. Қазіргі кезде Кербұлақ ауданында 1418 адам кезекте тұр, яғни өткен жылмен салыстырғанда 178 адамға артқан.
Жалпы биылғы жылы ауданда 15 мың шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс болса, 9 айда соның 12 мың шаршы метрі берілді. Осы жылдың желтоқсан айында Сарыөзек ауылында жалпы алаңы 3,5 мың шаршы метр болатын 50 жалгерлік жеке үй, сондай-ақ 40 пәтерлік көп қабатты үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 2023 жылы сәуірде 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталады. 50 жеке тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.
Апатты үйлер де назардан тыс қалмайды. Сарыөзек ауылындағы көп пәтерлі үйлердің жағдайын зерделеу барысында 38 үйдің 6-уы апатты деп танылды. Бос қалған пәтерлердің иесін анықтау, құқық белгілеуші құжаттарды рәсімдеу жұмыстары қосымша жүргізілуде. Апатты үйлердің тұрғындары мемлекет қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке алынды.