Алматы облысы Іле ауданының Көктерек ауылында қайтарылған активтер есебінен фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүргізілуде. Бұл — қайтарылған қаражатты қоғамдық игілікке бағыттаудың нақты үлгісі.
Іле ауданының прокуроры құрылыс нысанына барып, жұмыс барысымен танысты. Жоба Көктерек ауылы тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қол жеткізу мәселесін шешуге бағытталған.
Құрылыс нысаны пайдалануға берілген соң, ауылдың 1500-ге жуық тұрғыны алғашқы медициналық-санитарлық қызмет түрлерін жергілікті жерде ала алады. Бұл – денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам.
Мердігер ұйым тарапынан құрылыс мерзімдерін сақтау мен орындалатын жұмыстың сапасына ерекше мән берілуде. Қазіргі уақытта құрылыс барысы мен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы тиісті бақылауға алынған.