Алматы қаласындағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында туа бітті және жүре пайда болған аяқ-қол кемістіктерімен туған жасөспірімдерге күрделі реконструктивтік операция жасалды. Медициналық көмекті барлығы 8 бала алды, олардың ең кішісі – небәрі 1 жаста.
Дәрігерлердің айтуынша, 1 жасар сәбидің қолында 8 саусақ болған. Ақ халаттылар, оған жоғары деңгейдегі бірегей ота жасап, артық саусақтарын алып тастады. Абырой болғанда, ота сәтті өтті. Қазіргі таңда, баланың жағдайы қанағаттанарлық.
Айта кету керек, бұл күрделі хирургиялық ота, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүзеге асырылды. Яғни ата-аналар үшін тегін жүргізілді.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай операциялар балалардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады және олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне зор мүмкіндік береді.