Еліміздің спортшылары, өткен апта да қазақ еліне жеңіс сыйлады.
Көркем гимнастика: Болгария астанасы Софияда өткен юниорлар арасындағы әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол доп және лента жаттығуларында алтын, шығыршық жаттығуында күміс медаль жеңіп алды.
Семсерлесу: Индонезияның Бали қаласында өткен Азия чемпионатында отандастарымыз бір күміс және бір қола медаль олжалады.
Спорттық гимнастика: Өзбекстанда өткен Challenge Cup жарысында ұлттық құраманың үш спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Байдарка және каноэмен ескек есу: Таиландтың Районг қаласында өткен Азия чемпионатында (U23) ұлттық құрама 6 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 2-орынға тұрақтады.
Күрес: Вьетнамның Вунгтау қаласында мәресіне жеткен 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында палуандарымыз 6 алтын, 6 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды.
Жағажай волейболы: Таиландтың Ройет қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды. Бұл – ел тарихындағы жастар арасындағы Азия чемпионатындағы алғашқы алтын.
Садақ ату: Қазақстан құрамасы Сингапурде өткен Азия кубогі кезеңінде екі алтын және бір қола медаль жеңіп алды.
Теннис: Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Германияның Галле қаласында өткен ATP 500 турнирінің жеңімпазы атанды. Финалда ол әлемнің 11-ракеткасы ресейлік Даниил Медведевті жеңді.
Сондай-ақ Зарина Диас Испанияда өткен ITF W35 турнирінде топ жарды.