Халықаралық кинология федерациясы қазақ тазысына қатысты шешімін жариялады.
FCI Бас комитеті қазақ тазысын ресми түрде ит тұқымы деп алдын ала тану туралы шешім қабылдады. Осылайша, Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді.
«Бүгін сіздердің елдеріңіз үшін де, біз үшін де тарихи күн. FCI Стандарттау жөніндегі комиссиясы мен FCI Ғылыми комиссиясы ұзақ рәсімдерден кейін Бас комитетке осы тұқымды тіркеуді ұсынды. Құттықтаймын! Алдағы уақытта сіздерді 10 жылға созылатын жұмыс күтіп тұр. Осы уақыт ішінде иттердің денсаулығына көптеген тестілер жасалып, жаңадан туған тазы күшіктерінің статистикасы жүргізіледі, бұл деректер FCI Ғылыми комиссиясы үшін қажет. Иттердің денсаулығы мен жай-күйі қазіргі таңда өте маңызды мәселелердің бірі. FCI Қазақстандағы тазы тұқымының жүйелі дамуын бақылап отырады», – деді FCI президенті Тамаш Яккель.
Естеріңізге сала кетейік, қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2022 жылдан бастап Президент Іс басқармасының қарауына алынған еді.
Айта кетейік, тазының екі түрі бар. Бірі жарғақ, екіншісі шашақ. Жарғағының жүні тықыр болғандықтан жаурағыш келеді. Бірақ ұшқыр. Алдындағы аңды тез қуып жетеді. Шашақ тазы — суыққа төзімді, маусымында жүні қалыңдап шығатын ұзақ шабыстың иесі. Шашақ тазының тырнақтарының арасында қалың жүн өседі. Оны уақтылы қиып отырмаса, қыста мұз қатып жүргізбейді екен. Тазы қолға тез үйренгіш, иесінің қас-қабағын ұғатын қасиетке де ие.