ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде ағаш өңдеу өнеркәсібінің өзекті мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға Индустриялық даму комитетінің, «Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы Мұхамед Андаковтың айтуынша, Қазақстан орман алқабы аз елдердің қатарында. Қазіргі уақытта орман қорының ауданы 30,4 млн гектарды құрайды, оның 13,3 млн гектары орманмен қамтылған. Ормандылық көрсеткіші 4,9% құрайды. Негізгі ағаш қоры Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі.
«Қазақстан Республикасы 2012 жылдан бастап үшінші елдермен сауда жүрізуде ағаш материалдарының жекелеген түрлерін экспорттауға тыйым салуда, бұл елдің орман қорын сақтау қажеттілігіне байланысты. Ағаш өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру құрылымында ағаш шикізатын бастапқы өңдейтін өнімдердің үлесі басым. Бүгінгі таңда кәсіпорындар жаңа тауарлар өндірісін игерді, нарықта ОСБИ плиталары, ламинатталған панельдер, ағаш шере пайда болды», – деп атап өтті М.Андаков.
Қазіргі уақытта салада 360-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді, олардың басым бөлігі – шағын зауыттар. Саланың дамуы Алматы, ШҚО және Астанада байқалады, бұл орман қорының кең көлемімен және ресурстардың қолжетімділігімен, сондай-ақ үлкен ішкі нарықтың болуына байланысты.
Өз кезегінде ағаш өңдеу өнеркәсібі өндірісінің жыл сайынғы өсімі байқалады. Мәселен, 2021 жылы саланың өнім өндіру көлемі 29,7 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,9% – ға өсті. Ал ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өндіріс көлемі 22,2 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңнің көрсеткішінен 4,1% – ға жоғары.