Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленіп, бекітілді. Нәтижесінде, жыл соңына дейін 77 мыңнан астам орын ашылады деп күтілуде.
“Жаңа орындар ашу – мектепке дейінгі ұйымдарды салу, жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялау және кеңейту, жалпы білім беретін мектептер жанындағы, тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарындағы шағын орталықтар желісін кеңейту, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы көзделуде. Соңғы бес жылда балабақшаға жолдама алудың кезектілігі екі есеге төмендетілді. Бүгінде 2-6 жастағы балаларды қамту 91% болды. Биыл бұл көрсеткішті 92,5%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз”, – деп атап өтті Манар Адамова.
Айта кетейік, өтінішті электрондық үкімет порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары және жергілікті атқарушы органдардың платформалары арқылы беру сияқты бірнеше тәсілдермен іске асыру мүмкіндіктері іске қосылды. Қазір жоба еліміздің төрт өңірінде жүргізіліп жатыр. Жалпы елімізде 11 мың 472 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 1 миллионға жуық бала қамтылған.