Париж олимпиадасының қатысушысы Әбиба Абужақыноваға, мәжіліс депутаты, кәсіпкер Айдарбек Қожаназаров темір тұлпар тарту етті.
Естеріңізде болса, бұған дейін Айдарбек Қожаназаров Әбибаға жазба арнап, өз атынан сыйақы беретінін жариялаған болатын.
“Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Оған себеп – Әбиба қарындасымның көз жасы. Бұл намыстың көз жасы. Бұл тектіліктің белгісі. Бұл үлкен тәрбиенің үлгісі! Қысқасы, Әбиба қызымызға өз атымнан арнайы сыйақы беремін. Парижде Қазақстанның абыройын қорғаймын деп барын салды. Жарақат алса да қайтқан жоқ. Осындай еңбекті бағалау керек. Осындай патриоттықты насихаттау керек! Жалғастырайық, қазақтың жігіттері!”,– деген болатын депутат.
Айта кетейік, Парижде өткен Олимпиадада Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта қола медаль үшін күресті. Тартысты өткен кездесуде ол Швеция өкілі Тара Бабулфатқа есе жіберіп алған еді. Нәтижесінде, Олимпиада ойындарын 5- орынмен аяқтады.