ҰБТ-ға өтініштер қабылдау аяқталды. 2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштер қабылдау аяқталды. Тестілеу 16 мамырда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижесімен грант конкурсына қатыса алады деп хабарлады ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мыңға жуық өтініш берген.
ҰБТ-ға өтініш берушілердің басым бөлігі, атап айтқанда, 16,5%-ы «Математика-Физика», 15,6%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын таңдады. 9,7%-ы «Математика-Информатика» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 285 адам тапсыруды жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетсек, ҰБТ-ға қатысу үшін талапкерлер Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш берген. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.