Қазақстан Тәуелсіздігін алған жылдан бері елімізге қанша қандас оралғаны белгілі болды. Мұндай мәліметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынды. Ведомство дерегінше, 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 4 575 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 111,1 мың этникалық қазақ қоныс аударды.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (52,4%) Өзбекстаннан, 19,3% – Қытайдан, 6,3% – Түрікменстаннан, 5,3% – Моңғолиядан, 13% – Ресейден және 3,7% басқа елдерден қоныс аударғандар.
Отанына оралған этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,9%), Маңғыстау (13,9%), Түркістан (6,8%) және Жамбыл (5%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (9,0%), Астана (11%) және Шымкент (6,5%) қалаларына қоныстанды.
Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 69,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 22,3%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде білім деңгейі бойынша 18,5%-ы жоғары білімді, 39,9%-ы орта кәсіби білімді, 36,7%-ы жалпы орта білімді және 4,8%-ының білімі жоқ.