Ақ халатты жауынгер

232

Соғыс ұғымын қалай түсіндірсең де толық айтып жеткізу мүмкін емес. Соғыс – ол балдақты жарымжан адам. Соғыс ол жадыдағы ұмытылмайтын естелік. Соғыс – ол көктегілерге деген басылмайтын сағыныш. Соғыс – ол көздегі мұң мен жүректегі қасірет. Қанша жыл өтсе де сұм соғыстың азабын тартып жүргендер аз емес. Қалың қара арасында қарапайым адамдардай күліп-ойнап жүргенімен бұл адамдардың сонау жылдар салған жүректегі жарасын түсіне білетін адам кем де кем.

 15 ақпан Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толып отыр. Осыған орай ауған соғысының ардагерімен сұхбаттасып, шер тарқасуды жөн көрдік. Мақала басында айтылған көздегі мұң бүгінгі кейіпкеріміз ардагер Пунгин Сергей Николаевичтың да көзінен бірден байқалады. «Сонау жылдарды әңгімелеу – сол оқиғаларды қайтадан бастан кешумен бірдей: өте қиын, дегенмен бұл – біздің тарих, өшпейтін тарих» деп сөз бастады ардагер.

Менің толық аты-жөнім Пунгин Сергей Николаевич, запастағы медициналық қызмет полковнигімін. Менің өмірім медицинамен байланысты. Өз кезінде өңіріміздегі медициналық училищеге түсіп, бітіргеннен соң 3 жыл осы салада қызмет атқардым. Кейіннен біліктілігімді шыңдау мақсатында Ақтөбе қаласына, одан кейін Томск әскери-медициналық институтына оқуға түстім. Оқу бітіргеннен соң Балтық әскери округіне дәрігер болып жіберіліп, 5 жыл қызмет атқардым. Одан кейін Түркістан әскери округінде қызмет ету ұсынылды, кейіннен 2 жыл бойы Ауған жерінде қызмет еттім. Ауғанстанда 500 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының аға резиденті болып 1983-1985 жылдар аралығында қызмет атқардым. Кейіннен Чернобыльде қызмет етіп, 1993 жылы елге қайтып оралдым. Кейіннен де көптеген қызметтер атқарып, запасқа шығарылдым. Одан кейін де елге пайдамды тигізу мақсатында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да студенттерге сабақ берген жайым бар.

Ол кездер өміріңізде өшпестей із қалдырғаны сөзсіз. Қазір сол кездерді еске алу қиынға соқпайды ма?

Әрине, қиын. Тіпті отбасым есіңе ала берме деп ұрысып та жатады. Бірақ ол кездер көз алдымнан мүлде кетпейді. (үнсіз қалып, күрсінді)

Өміріңіздің басым бөлігін осы әскер саласына арнапсыз. Соғыстың аты соғыс қой, дегенмен сол шақтарды жымия еске салатын естеліктер бар шығар?

Әрине, естеліктер көп. Жылы болсын, суық болсын. Ең есте қаларлық естеліктер ол, әрине, адамдармен байланысты. Ол – маған келген әр жауынгерге көмек қолын созып, елге аман-есен оралуына септігімді тигізгенім.

Ал, есіңізден кетпейтін суық оқиғалар ше? Біреуімен бөліссеңіз

Ондай естеліктер көп. Кабулдағы 500 орындық ауруханада қызмет еттім деп айттым ғой. Құжаттамада солай болғанмен біз 3-4 есе ауыртпашылықпен жұмыс істедік. Яғни науқастар ағымы 1500-ға дейін баратын. Олардың біреуіне көмектесе алғанымызбен, барлығына бірдей көмек қолын соза алмайтынымыз – ең өкініштісі. Біреуі қол-аяқсыз келіп жатса, біреуі ауыр жарақатпен жатады. Бірақ есімнен кетпейтін ең ауыр естеліктердің бірі өз жанымдағы қызметкер жас қыздың денесін Отанға, ата-анасына жібергенім. Бар жоғы 23 жаста еді. Қанша жыл өтсе де сол естелік әлі көз алдымда тұр. Ұмыта алмайтын да болармын. (ауыр күрсініп, көзіне жас алды)

Соғысты басынан кешкендер көпке дейін өзіне келе алмай, ауыр психологиялық соққы алатыны жасырын емес. Сіз бір емес, бірнеше майдан арасынан өтіп келген ардагерсіз. Елге оралған соң қалыпты өмірге қайта ену қиынға соқпады ма?

Әрине басында қиын болды. Ұйқымнан шошып оянған кездерім, түсімде сол сұм кездерді көрген сәттерім көп болды. Бірақ, өмірді жалғастыру керек. Оған да үлкен рух керек, күш керек. Кейіннен де сол майданда қызмет еткен жауынгерлермен көріскенмін, бірақ басым бөлігі ол кездерді есіне алуға қиналып қалатыны жасырын емес. Өйткені ол оңай емес. Ол жараның жазылуы да екіталай.

Қазіргі таңда соғыс ардагерлері жастармен белсенді түрде ағарту жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі ұрпаққа өткен оқиғалар туралы айту неге маңызды деп ойлайсыз?

Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестігі болып Орал қаласында көптеген кездесулер ұйымдастырып, түрлі шақыртуларға барып тұрамыз. Одан бөлек те түрлі шаралар өткізіп, өмірден өткендерді ұмытпай, еске алып тұрамыз. Мұның барлығы жастарға үлгі болады депсенемін.

Халық арасында ерік-жігер мен рухты тәрбиелеуге болады деп жатады. Ал жастар бойындағы патриотизмды дамытуға болады ма, қалай ойлайсыз?

Қиын, бірақ болады. Осы орайда біз де өз тарапымыздан күш салуға тырысып бағамыз. Сізге бір мысал келтірейін. Бір мектепте оқушылармен кездесуде бір қыз бала сұрақ қойсам болады ма деп сұрады. Мен «әрине, сол үшін келдік қой, айналайын» деп күлдім. Кеудеңіздегі медальдар шын ба деп сұрады. Орнымнан тұрып, жанына бардым да, балапанға ордендарымды ұстаттым. Қыз баланың көзіндегі мақтаныш пен қуанышты көріп, өзім де қуанып қалдым. Міне осындай кездесулерден кейін балалар өзгереді, еліктейді.

Сіздей батыр адамдардың арамызда жүргені қуантады. Сізбен сұхбаттасып, көзбе-көз танысқаныма қуаныштымын. Қасіреті мол, өміріңіздің ауыр сәттерімен бізбен бөліскеніңізге үлкен рахмет. Жастарға айтарбір-екі ауыз сөзіңіз болса, мархабат.

Ең алдымен келіп, хал-жағдайымды біліп,сұхбаттасқаныңыз үшін үлкен рахмет. Өмірімнің сол сәттерімен бөліскенім – жастарды Отаншылдыққа баулу мақсатын қуғаным. Елге аз да болса пайдам тисе мен үшін одан асқан мәртебе жоқ. Рахмет!
Алдыңғы пост
Шымкенттік мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуде “Qamqor” бағдарламасы іске қосылады
Келесі пост
Инклюзивті экономика және әлеуметтік саясат. Жолдауда айтылған тұстар бойынша өзгерістер бар ма?

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Fill out this field
Fill out this field
Please enter a valid email address.
You need to agree with the terms to proceed

Видео

Қала әкімі кезекті қабылдауын өткізді

Күннің жаңалықтары

Оқырмандар арасында танымал

Редакторлар бағандары

Барлық тегтер

Menu