Ақмола облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы прокуратураның үйлестіруімен елордада және оған жақын маңдағы ауданда синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан есірткі зертханасын ұйымдастырған адамдарды ұстады.
Жедел іздестіру шаралары барысында заңсыз бизнесті ұйымдастырушы елордада қолға түсті. Сонымен қатар Целиноград ауданының Талапкер ауылында арнайы операция жүргізіліп, арнайы бөлімшелердің жауынгерлерінің қатысуымен тағы үш күдікті ұсталды деп хабарлады ІІМ.
Талапкер ауылында жүргізілген тергеу шаралары кезінде полицейлер салмағы 100-200 грамм болатын синтетикалық есірткі – мефедронды тәркіледі. Оның нақты салмағы мен химиялық құрамы сот-химиялық сараптама нәтижесінде анықталатын болады. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары ұялы телефондар, электронды таразылар, құрамында есірткі бар өсімдіктер отырғызылған құмыралар, оларды өсіруге арналған арнайы жабдықтар мен ірі көлемдегі қолма-қол ақшаны тәркіледі.
Елордадағы зертханадан синтетикалық есірткі дайындауға арналған шамамен 200 келі прекурсор, тұз қышқылы және түрлі зертханалық құрал-жабдықтар алынды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша синтетикалық есірткі өндіру және тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында әрбір күдіктінің рөлі мен атқарған міндеттері анықталуда. Барлық ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.