Қаржылық мониторинг агенттігінің Ұлытау облысы департаменті өңірдегі әлеуметтік мекеменің басшысы мен қызметкерлерінен құралған бір топ тұлғалардың заңсыз әрекеттерін әшкереледі.
Ведомство сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, қазіргі уақытта жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Әлеуметтік мекеме мен күдіктілердің тұрғылықты мекен-жайларын тінту кезінде қариялардың 799 мың теңге көлеміндегі зейнетақы төлемдері, оларға тиесілі банк карталары, сондай-ақ аталған тұлғалардың қылмыстық әрекеттерін дәлелдейтін басқа да заттар мен құжаттар тәркіленді.
«Толық және жан-жақты тергеуге кедергі келтіру, сондай-ақ қылмыстың ізін жасыру және жою әрекеттеріне байланысты аталған мекеменің басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот 2 айға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді» делінген агенттік ақпаратында.