Шымкентте әскери қызметкер көз жұмды. Капитан шеніндегі қызметкер қашықтыққа жүгіру жаттығуынан кейін кенеттен өзін жайсыз сезініп, жансақтау бөліміне түскен.
ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 маусымда 6506 әскери бөлімнің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, әскери қызметшілер ойлы-қырлы жерлерде қашықтыққа жүгіру жаттығуын өткізген. Жаттығудан кейін әскери қызметші өзін нашар сезінген. Оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, содан №1 қалалық ауруханаға жеткізілген. Әскери қызметші жансақтау бөліміне жатқызылды. Алайда 16 маусым күні сағат 17.15 шамасында әскери қызметші қайтыс болды.
Оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау үшін қызметтік тергеу жүріп жатыр.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының және ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің қолбасшылығы марқұм болған әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады. ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды», – делінген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінде.