Алматыда 26 жастағы жігіт халықты сазға отырғызып кетті. 1997 жылы дүниеге келген күдікті тұрғындарды арзан бағада ұн сатамын деп алдап соққан. Ол бұл алаяқтық әрекетін интернет арқылы жүзеге асырған. Алаяқ арзан ұн сату туралы жалған хабарландырулар жариялап, сатып алушылардан алдын ала төлем талап етіп отырған. Ақшаны алғаннан кейін олармен байланысқа шығуын тоқтатқан. Қазіргі таңда оның екі дерекке қатысы бар екені анықталып отыр.
«Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдіктіні ұстау кезінде одан екі ұялы телефон тәркіленіп, олар айғақты зат ретінде қылмыстық іске тіркелді. Қазіргі уақытта іс бойынша басқа да мән-жайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ басқа да ықтимал қылмыстық эпизодтарды анықтау жұмыстары жалғасуда», – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.