Елордада биыл алғаш рет үшем дүниеге келді. Осылайша сәбилердің анасы бірден көпбалалы ана қатарына қосылды. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алтын құрсақты әйел Әсел Шонтаева отбасымен былтыр тамыз айында Жамбыл облысы Қордай ауданынан елордаға көшіп келген. Үшемдердің екеуі – қыз және ұл.
Сәния, Самира және Айсұлтан есімді балапандардың денсаулығы қазір жақсы. Дәрігерлер сәбилерге күтім көрсетіп, үйге шығаруға дайындауда.
Үш бірдей қуаныш иесін арнайы құттықтау үшін Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов барды.
«Бала денсаулығы басты назарда, әрі елордамызда жыл сайын тұрғындардың, оның ішінде балалар саны артып келе жатқандықтан, тағы да екі перинаталдық орталық салу жоспарда тұрғандығын айтқым келеді. Қазір үш бірдей перзентхана жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек кадрлардың кәсібилігін арттыруға ерекше көңіл бөлетініміз баршаңызға мәлім. Былтыр 800-ден астам маман жергілікті бюджет қаражатынан шетелде білім алып келді. Олардың арасында неонатолог, педиатр мамандары жетерлік», – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада 7 мыңнан астам сәби дүние есігін ашты.