Халықаралық мұражай күніне орай Ұлттық статистикалық бюросындағылар осы мәдени мекемеге барушылар саны жайлы статистикалық мәліметтерді ұсынды. 2022 жылы Қазақстандағы мұражайларға ел тұрғындары көрермен ретінде 6 млн 97 мың рет барған. Ал 2021 жылы олардың саны 5 млн 104 мың болған.
Мұражайларға барушылардың басым бөлігі Түркістан облысында – 1 492 мың келуші, одан кейін Астанада – 643 мың және Шығыс Қазақстан облысында – 564 мың. Ал мұндай орындарға барушылардың саны Шымкент қаласының музейлерінде ең аз – 43 мың.
Дегенмен, айта кетерлігі Шымкент қаласында небәрі 5-ақ мұражай бар. Жалпы 2023 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда барлығы 271 мұражай жұмыс істесе, бір жыл бұрын олардың саны 7-ге кем болған. Мұражайлар саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр – 27, Ақтөбе облысында – 20 және Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысының әрқайсында 19 мұражайдан.
271 мұражайдың 48-і – тарихи, 109-ы – өлкетану, 65-і – мемориалдық, тағы 14-і – қорық мұражай, 11-і – өнертану және т.б. Айта кету керек, 4 мұражай жекеменшік, қалғаны – мемлекет меншігінде.
Мұражайларда барлығы 2,6 миллион экспонат сақтаулы.