Жамбыл облысында білім ұясына мұғалім болып жұмысқа кірмек болған жергілікті тұрғын алаяққа тап болды. Оның айтуынша, таныс келіншек қаңтар айында оны мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастыруға уәде беріп, ол “қызметі” үшін 700 мың теңге алған.
Жәбірленуші оған сұраған ақшасын берген. Алайда арада бірнеше ай уақыт өтсе де уәде етілген жұмыс орнына тұра алмаған.
Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында облыс орталығының 48 жастағы тұрғыны күдікті ретінде анықталды. Әйел адам өз кінәсін мойындады. Ол келу туралы міндеттемемен босатылды.
Қазіргі таңда істің егжей-тегжейлі мән-жайларын анықтау мақсатында барлық қажетті жедел-тергеу әрекеттері жүргізілуде.