Түркістан облыстық Полиция департаментіне Леңгір қаласының тұрғыны арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, оны белгісіз біреулер пышақпен қорқытып күш қолданып, 5 миллион теңге бопсалаған. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігі (Қорқытып алу) бойынша тіркеп, күдіктілерді анықтауға кірісті.
Polisia.kz жазуынша, Төлеби ауданының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген тәртіп сақшылары 5 млн теңге көлеміндегі ақшаны алып тұрған жерінен 2 жігітті ұстады. Олардың біреуі бұрын сотты болған, Төлеби ауданының тұрғыны.
Жедел уәкілдер тінту кезінде күдіктілерден жәбірленушінің қаражатын тәркіледі. Сондай-ақ күдіктілердің бірінің үйін тінту кезінде алты оқ табылған. Тиісті сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Болған оқиғаның толық мән-жайы мен күдіктілердің басқа да қылмыстарға байланысы бар-жоғы анықталып жатыр.