Түркістан облысы Шардара ауданында 90 келіден астам балықты заңсыз аулаған жергілікті тұрғын ұсталды. Өңірде браконьерлік пен заңсыз балық аулау деректерінің алдын алуға бағытталған “Уылдырық” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Аудандық полиция бөлімінің табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері “Шардара-Келес” тас жолында күдік тудырған “ВАЗ” автокөлігін тоқтатқан. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде көліктен 90 келіден астам заңсыз ауланған балық, сондай-ақ 400 метр балық аулау торы табылған. Белгілі болғандай, ер адам Шардара су қоймасында заңсыз балық аулаған.
Бұл жайт Қылмыстық кодекстің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз өндіру) бойынша тіркелді. Браконьерден заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер мән-жайды анықтап жатыр.