Шымкентте №2 ауруханаға қарасты перзентханада салмағы 6 келі ұл бала дүниеге келді. Нәресте кеше, 10 мамырда таңғы сағат 07:30-да жарық дүние есігін ашты.
Алып сәбиді 31 жастағы келіншек табиғи жолмен өмірге әкелген. Сәби анасының үшінші перзенті екен. Оған ата-анасы Алпамыс деген есім берді.
“1992 жылғы жүкті әйел 10 мамыр күні сағат 01:05-те №2 қалалық аурухананың перзентханасына жедел жәрдем қызметімен жеткізілген. Таңғы сағат 07:30-да ұл бала дүниеге келеді. Салмағы – 6000 гр, бойы – 65 см”,-дейді мамандар.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың да, оның анасының да жағдайы жақсы. Сәби мен анасы келер аптада перзентханадан шығарылады. Мамандар алып салмақпен туылған сәбиге ерекше күтім жасап, алдағы уақытта оның салмағын қадағалау қажет деп отыр.