Шымкентте мемлекеттік сатып алу бойынша «жосықсыз өнім берушілер» тізіміне (қара тізімге) еніп қалған кәсіпкердің мәселесі шешілді.
«Бизнеске жол» жобасы аясында Шымкент қалалық антикор қызметкерлері Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп кәсіпкерлерге адал өнім беруші ретінде қалпына келтіруге көмектесті.
Мониторинг барысында келісім шарт бойынша міндеттемелерді уақытылы орындамағаны үшін квазимемлекеттік сектор субъектісі кәсіпкерді «жосықсыз қатысушылар тізіліміне» енгізгені анықталған. Осыған байланысты келісу комиссиясын өткізу жөнінде бастамашылық жасалып, тараптар тыңдалды. Оның барысында жеткізуші тауарды тапсырыс берушіге мерзімдері аяқталғанға дейін жолдағаны анықталды. Алайда логистикалық компанияның кінәсінен жүк уақытылы келмеген.
Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша кәсіпкер «жосықсыз өнім берушілер» тізілімінен шығарылды.