Миллион тұрғыны бар ірі қалаларда ирригация мәселесі өзекті. Әсіресе, көктем мен күз айларында жауын-шашын көбейіп, арық-атыздар арнасынан тасып, кейбір көшелерді су алу қаупі кездеседі. Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Шымкент қаласы Тұран ауданындағы 41 көшеге биыл 24 шақырымды құрайтын ирригациялық жұмыстар жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта Қазығұрт, Наурыз, 112 орам аумағындағы 9 көшеге жалпы ұзындығы 5,5 шақырымнан тұратын ирригация салынып, пайдалануға берілді.
Олар Қазығұрт елдімекені бойынша Жандарбеков, Төлебаев, Баян ауыл, атауы жоқ көшелер. 112 орамнан Аманжолов, Нарадоволцов, Темірқазық көшелері. Наурыз шағын ауданынан Жанкент көшесі, Түркістан шағын ауданынан Жанқожа батыр көшесі. Ал қалған 25 көшеде қазір ирригация салу құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Бұған дейін аталған жұмыстар бойынша 19 көшеге құрылыс жұмыстары басталған болатын. Атап айтар болсақ, Қазығұрт елді мекені және112 орам шағын ауданында ирригация жүйесін салу қарқын алды.
Сондай-ақ, 8 көшеге мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстарды биылғы жылдың қазан айында толығымен аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.
Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бұл мәселе талқыланған болатын. Нақтырақ тоқталар болсақ, алдағы су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды.
Үкімет басшысы биылғы көктем оңай болмағанын, сондықтан су басу қаупінің алдын алу үшін екі апта ішінде халықты су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындауды және тасқынға дайындық барысын бақылау қажеттігін атап өтті.
Шымкент қаласына келсек, 2023 жылдың көктем айларындағы жауын-шашын мезгілінде жалпы қала аумағынан су жиналу қаупі бар 58 орын анықталып, қазір 24 орынға ирригациялық арықтар орнату жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қала аумағынан ағып өтетін жалпы ұзындығы 339 шақырымды құрайтын 2 өзен мен 34 каналдың жай-күйіне зерделеу жүргізіліп, арналар қоқыстан тазартылуда. Алдағы уақытта қалған су басу қаупі бар көшелер мен аумақтар да арнайы техникалармен жабдықталып, тұрғындардың қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасау жалғасатын болады. Сондай-ақ, «Ақжар» су қоймасының күрделі жөндеу жұмыстарына биыл жобалық сметалық құжат әзірленіп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары атқарылады деп күтілуде.
«2021-2023 жылдардағы су тасқынына қарсы іс-шаралар» жол картасы бойынша қала аумағындағы су шаю қаупі бар 6 елді мекен: Жыланбұзған, Маятас, Тоғыс, Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабынан ағып өтетін «Бадам» өзенінің арнасын бекіту және нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.