Түркістан облысы Келес ауданында мектеп мұғалімдері оқушының орнына тест тапсырмасын өздері орындап берген. Осы үшін білім ұясының директорына шара көрілді.
Бұл туралы Түркістан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов Facebook парақшасында жазды.
Оқиға дүйсенбі “Болашақ” атындағы №43 жалпы орта мектебінде болған. Білім ұясында 9-сынып оқушыларының оқу бағдарламасын меңгеру деңгейін бағалау бойынша мемлекеттік аттестаттау өткен.
Департамент қызметкерлері мемлекеттік аттестаттауға бақылаушы ретінде қатысу барысында әжетханаға сұранып шыққан оқушының тапсырмаларын компьютеріндегі паролі арқылы қашықтан басқарылғанын анықтады.
Видеода 13-ші сұрақ белгіленбеген қалпында тұр және қызыл белгіні көрсетіп тұр. Оқушы пароль логинімен қайта кірсе, 13 сұрақ белгіленген.
«Осыған байланысты педагогтер қауымын әділдікке, адалдыққа шақырамын. Болашақ ұрпақты адал білім мен тәрбиеге баулуға, оқушылардың бойына жаман әдеттерді сіңірмеуге, оңай жолмен баға алуды үйретпеуге шақырамыз. Аталған оқиға бойынша мектеп директорына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды» деп жазды департамент басшысы.