«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филиалының басшылығы мен қызметкерлері сотталды. Үкім Әл-Фараби аудандық сотында оқылды. Сот үкімімен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент қаласы бойынша филиалының басшысы, филиалдың еңбек қатынастары жөніндегі инспекторы, сондай-ақ «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің жетекші маманы және басқалар парақорлық әрекеттері үшін сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департамент басшысы Дәурен Ерғарин Facebook парақшасында жазды.
«Аталған адамдар туыстары мен таныстарын жұмысқа орналастырғаны , сондай-ақ қызмет бойынша жалпы қамқорлығы үшін жүйелі түрде 20 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алған» делінген жазбада.
Сотталғандарға 200 мыңнан 13 млн теңгеге дейін (жалпы сомасы 18 млн теңгеден астам) айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Олар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.