Қызылордалық тұрғын 20 мың теңгелік жалған купюраларды басып шығарды деген күдікке ілінді. Жалған банкноттарды сақтау және бірнеше рет өткізу фактісімен анықталған қылмыстық істің тергеуін Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті аяқтап, іс материалын сотқа жолдады.
«Қызылорда қаласының 28 жастағы тұрғыны номиналы 20000 теңгелік бірнеше банкноттарды сақтағаны және оларды жанар-жағар май құю бекеті мен автобөлшектер сататын дүкенге өткізгені үшін айыпталды. Ол заттар сатып алып, құны 20000 теңгелік банкнотты өткізе отырып, қайтарымына ҚР Ұлттық банкінің түпнұсқа банкноттарын алып отырған. Азамат өз кінәсін толық мойындады» делінген агенттік мәліметінде.
Криминалист мамандардың зерттеуі барысында өткізілген банкноттардың Ұлттық банктің ақша белгісіне сәйкес келмейтінін және ақшалардың принтерде басып шығарылғандығы анықталды.
Айта кетейік, ҚР ҚК-да бұл қылмыс үшін бес жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы түрінде жауаптылық көзделген.